Қойбағаров Жетпісбай

Қойбағаров Жетпісбай

    Автор эссе

    Лаура Кусмолданова

Бабалар ерлігі-ұрпаққа үлгі

Герой истории: Қойбағаров Жетпісбай

Арқамды отаныма тіреп тұрып,
Жайратам жау біткенді білек бұрып.
О, Ана, бір өзіңе табынамын,
Ақ сүтіңмен келген маған жүректілік!,-
деп жырлаған өлең жолдарының әрбір сөзінен патриоттық рухтың жанып тұрғанын сезінуге болады. Бабаларымыздың әрбір жүріп өткен жолы — біз үшін үлгі, шежіре, тағдыр — тарих! Бейбітшілік туын қолымызға ұстатып, ұлан-ғайыр даламыздың аспанына көк туымызды желбіретуге жол ашып кеткен әрбір қаһармандарымыздың атын жыр, аңызға айналдырып, өшпес ерлігін сөз етіп, жан жүрегімізде сақтаймыз. Батырларымыздың ерлік істер атқарған бейнесін ашып көрсету үшін ерекше теңеу, қайталанбас поэзия керек»,- деп Б.Горбатов жазып кеткендей ата тарихымызды саралап, тарих қойнауын аралап, ұлыларымызды даралау біздің міндетіміз. Ондағы мақсатымыз — ұлыларды зерттеп, олардың мол мұрасын кейінгі ұрпаққа аманат ету.

Қазақ елінің қасиетін өз бойына дарыта алған, туған ұлтын шексіз сүйіп, терең қадір тұтқан халқымыздың қаһарман ұлдарының саны аз емес. Соның ішінде атын астын сыза айтқым келіп отырған тұлғаларымыздың бірі – Қойбағаров Жетпісбай ата. Ата деп отырған себебім, бұл кісінің тізесінде ойнап өскен бала едім. Есімде... балалық шақтың ыстық буымен, үйдің қарасын көрмей ойынның артын қуып жүретін кезімізде Жетпісбай ата үйінің жанындағы кішкентай ғана орындығында таяғына сүйене, бізді тамашалап отыратын. Сол кездегі жүзін еске алып қарасам, аласапыран кезеңнен кейінгі орнатылған бейбітшілік өмірді ұсынып отырған жаратушыға деген ризашылығы шексіз сезімге бөленіп отырған қария көз алдыма келеді. Кішкентай ғана ауылымыздың барлық балаларын өз баласындай жанына үйіріп алатын. Әйел заты, бала демей зорлық-зомбылықтың астынан алған соғыз кезеңіндегі қаншама қиыншылықтарды басынан өткерген атамның әрбір ісін еске түсіре отырып, бізді қолынан келгенше бір сәтке болса да қуанышқа бөлегісі келген екен ғой деген қорытындыға келемін.

Қойбағаров Жетпісбай Баренцтен бастап Қара теңізге дейін созылып жатқан Украина елінің маңындағы қанды соғыстың дәл ортасында болған кісі. 1941 жылы әскери борышын атқаруға барып, тұтқиылдан шабуыл жасаған неміс фашизмімен соғысатын қанды майданға аттанған. 1942 жылдың қаңтарынан 1942 жылдың тамыз айына дейін отанын қорғау үшін барын салған. 1942 жылдың тамыз айында жамбасына снарядтың оғы тиіп, тізесінің тақылжырын (коленная чашка) жұлып алып кеткен. Жараланған жауынгерді бірден ауруханаға жатқызған. Тізесіне пластмасса қойғандықтан өмірінің соңына дейін аяғын сылтып басатын болды. Отан алдындағы борышын адал атқарғаны үшін 1997 жылы 23 мамырда Кеңес Одағының Маршалы Г.К. Жуковтың медалімен марапатталды, СССР Жоғары Кеңес Төралқасының Жарғысына сәйкес Ұлы Отан Соғысының 40 жылдығына орай берілген медальмен марапатталды, Ұлы Отан Соғысының 55 жылдығына орай 1999 жылы «1941-1945жж соғыс ардагері» белгісі тапсырылды.

Соғысқа жарамсыз болып танылған қатардағы жауынгер, еліне қайтарылды. Бірақ... еліне қайтып келгендігіне, 1-ші топтағы мүгедек болғандығына қарамастан, отан үшін жанын берер жас жігіт қарап қалмай, майдандағы жауынгерлерге ет жіберіп тұратын совхоз шаруашылығында аянбай еңбек еткен. Бұрыңғыша айтқанда Бөрлітөбе ауданы, Егінсу совхозының қойын баққан атақты шабан болған. Осы еңбек жолында зейнетке шыққан. Еңбегінің нәтижесі бойынша екі мәрте Құрмет Орденімен марапатталған.

Аққан жұлдыз секілді адам өмірі де қасқағым сәтте-ақ өте шығар. Артына бұрылып қарамастан, ұрпағына өсиетін қалдырмастан кеткен жандар қаншама... Қандай қиындықтар болмасын, дүниежүзі бойынша тарихта қалған аласапыран кезеңді басынан өткерген, сарқырап ағып жатқан өзен толқындарының ырғағына ілесе, тырмысып, арпалысып келген қайталанбас тұлғаларымыздың бірі – Жетпісбай атамыз соғыстан аман келгендігінің арқасында артына ұрпақ қалдырып отыр.

Қойбағаров Жетпісбай 2005 жылы 9 сәуірде Жеңістің 60 жылдығына бір ай қалған уақытта дүние салды. Дүние салған уақытынан бастап ол кісіге ешқандай марапаттар берілмеді, өмір жолында отанына адал атқарған еңбегі еленбеді десек те болады.

Соғыс жылдарындағы әрбір азаматтың басынан өткерген оқиғалары кез-келген жанның қанын тасытып, жанын толқытып, кейде көзге жас келтіріп, таза да шынайы пат¬риоттық сезімге баурайтыны рас. Атасы жаудан қайтпаған атам қазақтың қайсар мінезі, сонау бабаларымыздан бойымызға дарыған қанмен біткен. Дәл сол соғыс кезіндегі арпалысты көз алдынан өткізген, қорқынышын бойына жинап, жауымен бетпе-бет келген әрбір азаматтың бейнесін қандай көркем теңеулермен алсақ та жеткізе алмайтынымыз анық.

Арын жалау етіп, жанын алау етіп жауға аттанған ел ұрандары жерін қорғады, халқынын өмірін қорғады, өзі туған өңірін қорғады, ақ сүт берген анасын қорғады, ақ самал ескен даласын қорғады.

Біз, яғни қазіргі ұрпақ, соғыс ардагерлерін, майданнан қайтпай қалған боздақтарды келешек үшін қанын төккені үшін басымызды иіп құрмет көрсетуіміз қажет, ол біздің адамгершілік парызымыз. Адамзаттың алдындағы үлкен міндет осы тарихи шындықтарды болашақ ұрпаққа ешқандай өзгеріссіз жеткізу болмақ. Олар біздің жанымызда мәңгілік жасау керек! Біз ешқашан ұмытылмаған, ешқашан ұмытылмайтын тұлғаларымызды мәңгілік жыр ете бермекпіз!

Бейбіт өмірдегі көк аспанымызда байрағымыздың желбірегені, дамыған 50 мемлекеттің қатарына қосылуымыз, дүниежүзі елдерімен теңдес дәрежеге көтеріліп келе жатқанымыз, жалпы «қазақ», «Қазақстан» болғанымыз үшін бабаларға мың алғыс!

Құсмолданова Лаура Қанатбекқызы
АО «АлЭС», главный специалист
стаж работы 8,5 лет

Please publish modules in offcanvas position.